Меню KDT
МЕНЮ
11 сынып оқушысын қорытынды аттестаттау
11 сынып оқушысын қорытынды аттестаттау бітіруші емтихан нысанында мектепте бес пәннен, оның ішінде 4 міндетті (ана тілі, екінші тіл, алгебра және анализ бастамалары, Қазақстан тарихыжәне оқыту бейіні (ҚГБ және ЖМБ) ескеріле отырып 1 таңдау бойынша пәннен өтеді.
Барлық емтихандар, оның ішінде тестілеу де білім алушының өзі оқитын мектебінде өтеді.

Емтихандардың тізбесі және нысаны мынадый:

1) Ана тілі және әдебиетінен (оқыту тілі) эссе нысанында жазбаша емтихан. Эссеге 3 астрономиялық сағат беріледі.
Ұсынылған үш тақырыптан оқушы бір тақырыпты таңдайды. 250-300 сөзден тұратын эссе жазуы қажет.
Эссе тақырыбын таңдағаннан кейін бітірушілер негізгі идеяны анықтауы (ол не туралы?), проблеманы жинақтауы, дәлелдер жазуы, тіл құралдарын және тілдік әдістерді (салыстырулар, эпитеттер, метафоралар, риторикалық сұрақ, кіріспе сөздер мен ұсыныстар т.б.) пайдалануы, эссенің жалпы қорытындысын қалыптастыруы керек.
Қазақ тілінен эссенің үлгілік тақырыптары:

1. Саяхатшылар өзі келген елдің салт-дүстүрін сақтауға міндетті ме?

2. Ғылыми-технологиялық прогресс адамдарға әсер етеді деп ойлайсыз ба?

3. Киноөндіріс жастарға өз әсерін тигізеді деп ойлайсыз ба?

Барлық жұмыстарға бірыңғай бағалау өлшемшартары қолданылады.

2) Алгебра және анализ бастамалары
пәнінен жазбаша емтиханға 5 астрономиялық сағат беріледі. Бұл емтихан 5 тапсырмадан тұрады.
Тапсырмалар математикалық фактілерді, түсініктерді және тәсілдерді меңгеру деңгейін анықтауға, есеп шығару және логикалық тапсырмаларды шешу дағдыларын, функционалдық сауаттылығын білуге бағытталған.

3) Қазақстан тарихынан
ауызша емтихан (билет бойынша);
Әр билетте 3 сұрақтан болады. Екі сұрақ Қазақстан тарихының барлық курсының негізгі бөлімдерінен теориялық сұрақтар, 3-ші сұрақ шығармашылық тұрғыдағы тапсырма (карта, кескіндер, портреттер, хранологиялық кестелер пайдалану арқылы тапсырмалар т.б.).

4)
Орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен және қазақ тілінде оқытатынмектептерде орыс тілінен тестілеу (берілген уақыт 80 минут, барлығы 40 сұраққа 40 балл);
Бұл пәндердің тапсырмаларының саны мен нысаны мынадай болады.
Лексикалық-грамматикалық блок – 20 тест тапсырмасы бір дұрыс жауабын таңдау арқылы; 
«Тыңдалым» блогы – 10 тест тапсырмасы (2 мәтін, 200-250 сөз);
«Оқылым» блогы – 10 тест  тапсырмасы  (2 мәтін, 200-250 сөз).

5) Таңдау бойынша бір пәннен
(физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шетел тілі (ағылшын, француз, неміс), информатика пәндерінің біреуін таңдайды) тестілеу.
Бұнда барлығы 40 тест тапсырмасы болады (80 минут, 40 сұраққа – 60 балл беріледі), оның 20 сұрағы бір дұрыс жауабын табу арқылы (20 балл беріледі), 20 сұрағы бірнеше дұрыс жауабын табу арқылы (40 балл беріледі).
Екі пән бойынша тестілеу мектепте бір күнде өтеді.

Емтиханға берілген бағалаумен келіспеген жағдайда, бітіруші келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін аудандық, қалалық білім бөлімдерінің және облыстық білім басқармаларының жанынан құрылған комиссияға шағымдануына болады.

Қорытынды аттестаттаудың нақты мерзімі Министрліктің «2016-2017 оқу жылын аяқтау туралы» бұйрығымен айқындалады (2017 жылғы 30 сәуірге дейін). Емтихандар шамамен 2017 жылғы 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өтеді.

Қорытынды аттестаттаудың барлық материалдарын дайындауды және білім басқармаларына дейін жеткізуді Ұлттық тестілеу орталығы, ал мектептерге дейін жеткізуді білім басқармалары ұйымдастырады.

Жазбаша және ауызша емтиханды бағалауды, берілген дұрыс жауап кодтары негізінде жауап парақтарын тексеруді мектепте құрылған емтихан комиссиясы әр пән бойынша жүргізеді.

Қорытынды аттестаттаудың материалдары (жауап парақтары, сұрақ кітапшалары т.б.) мектепте бір оқу жылы бойында сақталады.