Меню KDT
МЕНЮ
Зейнетақы қоры туралы
«БЖЗҚ» АҚ салымшыларды белгісіз тұлғалардың Қор атынан

«БЖЗҚ» АҚ салымшыларды белгісіз тұлғалардың Қор атынан телефон мен электрондық пошта арқылы жұртшылыққа «БЖЗҚ» АҚ сыйлық ұтысын ұйымдастырғаны туралы жалған ақпарат таратып жатқанын ескертеді. Алаяқтар Қор салымшыларына сыйлықты алу үшін сілтемеде көрсетілген өзге ресурстарға кіріп, өзінің банк деректемелерін жіберуді ұсынуда. Осылайша, зейнетақы қоры салымшыларының жеке деректемелері туралы ақпараттарды заңсыз иелену әрекеті жасалуда.

«БЖЗҚ» АҚ барлық салымшыларды Қор қандай да бір ұтыстар ұйымдастырумен, жеке мәліметтерді электрондық әдіспен жинаумен айналыспайтыны туралы және өз атынан мұндай іс-әрекет жүргізуге өзге тұлғаларға құзырет бермейтінін ескертеді.

Құрметті салымшылар! Өздеріңіздің жеке мәліметтеріңіздің құпиялығын қамтамасыз ету үшін мұндай электрондық хабарламаларға, телефон қоңырауларына, СМС-хабарламаларға жауап бермеңіздер және электрондық жолдаудағы сілтемелерге кірмеңіздер. Алаяқтардың алдауына түспеу үшін мұқият сақ болыңыздар! Олар ірі компаниялардың атын жамылып әрекет етеді. Сондықтан жеке мазмұндағы ақпараттарды бөтен адамдарға ашпаңыздар! Сыйлықтар мен ұтыстар туралы уәделерге сенбеңіздер! Бұл туралы жақындарыңыз бен таныстарыңызды ескертуді ұмытпаңыздар! Өтініш: мұндай қоңыраулар мен жолдаулар туралы міндетті түрде БЖЗҚ-ның 1418 байланыс орталығына хабарлаңыздар!

«БЖЗҚ» АҚ белгісіз тұлғалардың жоғарыда айтылған ұтыстарды өткізуге байланысты әрекеттеріне жауапты емес екенін ескертеді.


 

Дария баққа жинаңыз

 

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне – 20 жыл. Осы кезең аралығында еліміз маңызды әлеуметтік-демографиялық, экономикалық өзгерістерді бастан кешіріп, талай жаңа белестерді бағындырды. Қазақстанның зейнетақы жүйесі де жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, уақыт талабына сай жаңарды.  Еліміздің зейнетақы жүйесінің өткені, бүгіні мен болашағына бағдар жасау үшін біз Астана қаласы филиалының директоры Мұрат Шариповты әңгімеге тарттық.

 

Кеңестік дәуірден қалған зейнетақы жүйесін жаңарту қажеттігі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары туындады. Кеңес Одағы құлағаннан кейін ортақ зейнетақы жүйесі жаңа заман талабына сай келмейтіні түсінікті болды. Сондықтан Қазақстан өзіне қолайлы жүйе қалыптастыру үшін әлемдік тәжірибені зерттей бастады. Ең оңтайлы жүйе ретінде 80-жылдары әлем бойынша үздік деп танылған Чилидің үлгісі таңдалып алынды. Әлемдік банктің кеңесімен осы үлгі бойынша Латын Америкасы, Шығыс Еуропа, ТМД-ның бірқатар елдерінің зейнетақы жүйесі реформаланды. Қазақстан осы жүйенің басты қағидатын негізге алды. Бұл жүйе бойынша  салымшылар табысының белгілі бір пайызын  жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған жеке зейнетақы шоттарына жинауға міндеттеліп, бұл жарна инвестициялық табыспен капитализацияланады. Қызу пікірталастардан кейін 1997 жылдың 20 маусымында «Қазақстан Республикасындағы  зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заң қабылданды.

Осылайша Қазақстан посткеңестік кеңістікте алғашқы болып жинақтаушы жүйеге негізделген аралас зейнетақы жүйесіне көшті. 1997 жылдың қыркүйегінде ҚР Үкіметінің Қаулысымен Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды (МЖЗҚ). 1998 жылдың басынан бастап қазақстандықтар табысының 10 пайызын міндетті зейнетақы жарнасы ретінде жеке зейнетақы шоттарына аудара бастады. Осы жылдан бастап жеке зейнетақы қорлары да ашыла бастады. Әрбір азаматқа өзіне қолайлы зейнетақы қорын таңдау құқы берілді. Егер ол өз таңдауын жасай алмаса, жарнасы автоматты түрде мемлекеттік қорға аударылды.

 2013 жылы МЗЖҚ-ның базасында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) құрылды. БЖЗҚ-ға жеке қорлардың активтері берілгеннен кейін әкімшілік және операциялық  шығындар азайып,  жеке қорлардың комиссияларымен салыстырғанда БЖЗҚ-ның комиссиялық сыйақылары азайды. Ең бастысы – мүдделес компаниялармен шығынды келісім-шарттар жасалуына тосқауыл қойылды. Салымшылардың бір қордан екінші қорға бей-берекет ауысуы да тоқтады. Мұның бәрі жүйенің тиімділігіне игі әсер еткені күмәнсіз. Дегенмен, БЖЗҚ құрылғаннан кейін де Қазақстанда ортақ бөліктен, міндетті жинақтаушы бөліктен және ерікті жинақтаулардан тұратын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі сақталып қалды.  Жиынтық зейнетақы да екі төлем көзінен тұрады: мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және ортақ зейнетақы және БЖЗҚ-дағы жинақтардан құралатын зейнетақы.

Уақыт талабына сай болу үшін зейнетақы жүйесі әрдайым жаңарып отырады. Қазақстанның зейнетақы жүйесінде  алдағы онжылдықтарда қалыптасуы ықтимал түрлі сценарийлерді болжау үшін БЖЗҚ-да актуарлық зерттеулер жүргізіледі.  Қор мамандары зейнетақы жинақтау жүйесінің қандай да бір бөлігі жақсы дамыған елдердің тәжірибесін зерттеумен де айналысады. Мысалы, шартты-жинақтаушы компонент Швецияда жақсы дамыған. Сонымен бірге, ерікті зейнетақы бөлігін дамытуға Германия мен Малайзияда үлкен мән беріледі. Сингапур жинақтарды баламалы мақсаттарға пайдалану тәжірибесімен, ал Гонконгтың тәжірибесі зейнетақы активтерін басқарудың инвестициялық стратегиясымен тартымды.

 

 Алайда енгізілгелі отырған өзгерістермен бірге Қазақстан зейнетақымен қамсыздандырудың диверсификациялық қағидатын сақтап қалады. Себебі бұл компоненттің артықшылығын екінші компоненттің кемшіліктерінің орнын толтыру үшін пайдалануға болады. 2040-жылдары 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ азаматтар зейнетке шыға бастағанша ортақ компонент біртіндеп шартты-жинақтаушы компонентке ауыса бастайды. 

Сонымен қатар Ұлттық банкте зейнетақы активтерін басқару бойынша бірқатар міндеттерді бәсекелестік ортаға – қазақстандық және шетелдік компанияларға беруге байланысты ұсыныстар дайындалды. Салымшыларға инвестициялық стратегия мен жеке басқарушы компанияны таңдау құқы беріледі деп жоспарлануда.  Бірақ БЖЗҚ ҚР жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық қаржылық және ақпараттық ағымдарының бірыңғай операторы және әкімгері болып қала береді. 

 

Құрылымдық өзгерістермен қатар сапалық өзгерістер де болады. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуына орай, БЖЗҚ интернеттің мүмкіндіктерін пайдалана отырып,  қор қызметтерін барынша қолжетімді ету бағытында үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Қазірдің өзінде Қордың барлық қызметтері дерлік электрондық нұсқада қолжетімді. Осының арқасында біздің салымшылармен ара-қатынасымыз түбегейлі өзгеріп,  оларға барынша жедел қызмет көрсетуге мүмкіндік алдық.  


 

БЖЗҚ анықтамасы енді eGov порталында қолжетімді

 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары электронды үкімет порталында инвестициялық кірісі көрсетілген зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы  ақпаратты ала алады.

 

Анықтаманың жаңа түрінде салымшының зейнетақы жинақтарының жағдайы, жеке зейнетақы шоттағы қаражаттың қозғалысы, зейнетақы жарналарының түсуі, зейнетақы төлемдерінің жүзеге асуы, сондай-ақ инвестициялық кіріс туралы ақпарат бар.

Бұрынғы ЗТМО электрондық анықтамасы салымшының зейнетақы шотындағы қозғалысты көрсеткен, бірақ онда инвестициялық кіріс көрсетілмеді. БЖЗҚ жаңа анықтамасы, соның ішінде салымшы белгілі уақыттың ішінде қандай кіріс немесе шығын алғандығын көрсетеді.

Қызмет www.egov.kz порталы «Азаматтар» категориясы – «Әлеуметтік қамтамасыз ету» тарауы – «Зейнетақылық қамтамасыз ету» бөлімінде қол жетімді. Қызметті алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба және электрондық үкімет порталында тіркелу қажет. Қызмет көрсету мерзімі 30 минуттан аспайды.

БЖЗҚ ақпараттық жүйелері мен электрондық үкімет порталын біріктірудің басты мақсаты – бұл жинақ туралы барлық ақпаратты қадамдық қол жетімділікте алу мүмкіндігі. Енді әр салымшы өзінің зейнетақы жинақтауларын дұрыс бақылай алады.     

            Аталған анықтама салымшылардың жеке мақсаттары, сондай-ақ банк несиесін алу немесе салық декларациясын толтыру үшін қолданыла алады.

«БЖЗҚ» АҚбаспасөз орталығы


 

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ 2018 жылғы «6» қыркүйек

Астана қ. салымшылары мен алушыларына ақпарат берудің жаңа арнасы


 


АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА 2018 жылғы «21» қыркүйек

БЖЗҚ қауесеттерді жоққа шығарады


 


АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА 
2018 жылғы «11» қазан

Композиттік қызметті енгізу туралы


 



АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

Өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары туралы


АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА 2018 жылғы «13» шілде

Салымшылармен өзара әрекеттесудің жаңа арнасы


 

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА 2018 жылғы «12» шілде

Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша табыс алатын азаматтар зейнетақы жарналарын төлеуге міндеттеледі


АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА 2018 жылғы «12» шілде

Зейнетақы төлемдерін «Бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асыру