Меню KDT
МЕНЮ
Сырбай Мәуленов туралы

Сырбай Мәуленов қырыққа жуық жыр жинақтарының авторы. Шығармаларында Коммунистік партияның қамқорлығы, Отан, туған жер, замандас және оның жасампаз еңбегі жарқын жырланады. 1954жылы «Жолдас», 1956 жылы «Жас жүрек», 1963 жылы «Жол үстіндегі жалындар», «Жұлдыз жырлар», 1969 жылы «Қызыл арша», 1976 жылы «Боз қырау», 1979 жылы «Тау гүлдері», «Шалқар», «Жалын», 1980 жылы «Жаңбырсыз күз» өлеңдері шықты. Ақын кітаптары сыншылар тарапынан жоғары бағаланды. Бірнеше өлеңдер жинақтары мысалы «Жаңа көктем»-1956 ж., «Дала таңы», «Көгілдір таулар», «Таңдамалы лирикалары» орыс тілінде Мәскеуде басылып шықты.

Сырбай Мәуленов – белгілі журналист. Мерзімді баспасөзге белсене қатысып, көптеген публицистикалық мақалалар мен очерктер жазды. 1966 жылы «Жер нәрі» атты әдеби портреттер мен очерктер жинағында республика еңбекшілерінің халық шаруашылығын өркендетуге еселі еңбегін, туысқан республикаларға барған сапарларынан алған әсерлерін суреттейді. Ал 1971 жылы «Үркер төбеде тұр» кітабы естеліктер мен портреттерден этюдтерден құралған. Бұл жинақта Абай, Ыбырай, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Қ. Аманжолов, т.б. өмір жолын қысқа әрі көркем бейнелеген. Сырбай Мәуленов балаларға арнап 1961 жыл «Барлаушы бала», 1963 жылы «Құлыншақ», «Бала жолбарыс», Амангельді Имановтың бабалық шағы туралы «Қорқақ торпақ» (1966 ж.) т.б. өлеңдер мен әңгімелер жазды. Сырбай Мәуленов орыс және туысқан халықтар әдебиетінің классиктері А.С. Пушкин. М.Ю.Лермонтов, Н.А. Некрасов т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударды. Сырбай Мәуленов ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1970 ж.). І-дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдарымен марапатталған. Сырбай Мәуленов 1922 жылы Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, Сталин атындағы колхозға қарасты жерде, шаруа үйінде туған. Әкесі Мәулен ел аузындағы әңгіме, жырларды, дастандарды жақсы білетін көзі ашық адам болған.

Сырбайдың алғаш білім алған ордасы – Торғай мектебі. Ол мектепте оқып жүрген кезінде әдебиет пәніне алғырлығымен, поэзия дүниесіне құштарлығымен, өлеңді тез жаттап алғыштығымен айрықша көзге түседі. Болашақ ақынның бірталай жылы Қызылорда қаласында өтеді.

1934 жылы Сырбай Қызылорда қаласындағы ауылшаруашылық техникумының дайындық бөліміне түскен.

1938 жылы сол қаладағы пединституттың әзірлік курсына алынған. Оны бітірген соң институттың тіл-әдебиет факультетінің 1 курсында оқыған. Сөйтіп, Сырбай Қызылордада жүргенде білімнің бал шырынын татып көрген; тұңғыш өлеңін жариялаған; бала шағынан арман еткен поэзия дүниесніе алғаш қанат қаққан; ақын, жазушылар қауымына араласқан, әдебиет үйінің табалдырығын аттаған. Қызылорда тақырыбының Сырбай лирикасынан сүбелі орын алуының бір сыры осында деп білу керек.

1940 жылы институттың екінші курсында жүргенде Сырбай Совет Армиясы қатарына шақырылады. Дондағы Ростовта кіші командирлер даярлайтын мектепте оқиды. Денсаулығының жарамсыздығына байланысты көп ұзамай әскер қатарынан босатылады.

1940 жылдың декабірінен 1942 жылдың июніне дейін Сырбай Қостанайдың облыстық радиокомитетінде әдеби қызметкер, Қостанай астық совхозында мұғалім болып істейді.

1942 жылғы июнь айында Сырбай Армия қатарына шықырылады. Волхов майданындағы соғыс қимылына қатынасады. Майданда жүріп партия қатарына кіреді. Рота командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары болады. 1943 жылы 17 январь күні Синявино маңындағы сұрапыл бір шайқаста Сырбай айыр жараланады. Өз өмірінің осынай бір есінен кетпес кезеңін ақын «1943 жылғы 17 январь», «Есіңе ал» өлеңдерінде сыршылдығы, сыншылдығымен ұштасып жатқан терең сезім арқылы бейнелейді.

1943-1950 ж. Қостанай облысы радиокомитетінде редактор, «Большевиктік жол» (қазіргі «Коммунизм таны») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, 1951-1955 ж. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редакция меңгерушісі, 1957-1961 жылы Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші. «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары, 1964-1971 жылы «Жұлдыз» журналының, 1955-1957 ж., 1971-1977 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болды.Тұңғыш өлеңі жамбыл облысы «Колхозшы» газетінде 1937 жылы жарияланса, «Өлеңдер» атты алғашқы жинағы 1948 жылы жарық көрді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 30 мамырдағы №497 қаулысына сәйкес Астана қаласы бойынша Алматы ауданының №37 орта мектебіне Сырбай Мәуленовтың есімі берілді.