Меню KDT
МЕНЮ
«1-ші сыныпқа қабылдау» пайдаланушы нұсқаулығы
Құжат қабылдау 1 маусымнан басталады.

Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау Egov.kz электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады. Мектептен мектепке, сыныптан сыныпқа ауысудың автоматтандырылған мемлекеттік қызметі әзірленді, деп хабарлады бүгін брифингте Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.

«Ата-аналарға порталдың «Білім» бөліміне кіріп, «Орта білім», мектепке кіріп, қажетті құжаттарды қоса жолдай отырып өтініш беру жеткілікті. Құжат тапсыру үшін күтудің ең ұзақ уақыты – 15 минут. Мемлекеттік қызметті ұсыну нысаны – электронды. Ата-ананың «жеке кабинетіне» баланы қабылдау туралы хабарлама немесе себептері көрсетілген дәлелді бас тарту келеді. Ол үшін небәрі төрт-ақ құжат керек: баланың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен өтініш (еркін нысанда), баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, 026/у-3 «Баланың денсаулық паспорты» нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат, 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат, сондай-ақ 3х4 көлеміндегі екі фотосурет. Мектептің қабылдау комиссиясының ешқандай қосымша құжаттарды сұратуға құқығы жоқ екеніне тағы да назар аударғым келеді», – деді Ш.Қадырова.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау үшін порталға қосымша педагогикалық-медициналық-психологиялық комиссияның қорытындысы электронды түрде (сканнұсқа, фото) заңды өкілдердің келісімімен ұсынылады.

Құжаттарды қабылдау 1 маусымнан басталады. Жаңа оқу жылына дайындық мақсатында 17 тамыздан бастап мектептерде ата-аналардың қалауы бойынша ақысыз негізде жазғы мектеп жұмысын өткізу жоспарлануда.